Семейде жаңа футбол алаңы ашылды
Қаламыздағы «Турист» қонақ үйінің жанында жаңа спорт алаңы салтанатты түрде ашылды. Футбол алаңы замануи технологиялардың негізінде тұрғызылып, жасанды шөп төсеніші жайылған соңғы үлгідегі спорттық кешен болып отыр. Көлемі 96х64 метр болатын алаң үлкен футболдың стандарттарына толықтай сәйкес келеді. Бұл спорт кешені Ерболат Әпсәлямов басқаратын компаниялар тобының жеке қаржысына салынған. Ал алаң құрылысына барлық қосалқы құрылыстарды қоса есептегенде 46 млн. теңге қаражат жұмсалған.
Алаңның ашылуына футбол ардагерлері, спорт майталмандары мен жаттықтырушылар, «Цементник» футбол клубы мен Облыстық балалар мен жәсөспірімдер спорт резерві мектебінің тәрбиеленушілері қатысты.
Алаң топтық чемпионаттар, турнирлер, корпоративтік жарыстар, түрлі спорттық сайыстар мен жаттығулар өткізуге, әрі семейліктер мен қала қонақтарының бос уақыттарын белсенді өткізулеріне арналып отыр. Сондықтан да алаң маңайында киім ілетін орындар, жуынатын душ, жаттақтарушылар бөлмесі мен буфет салынған. Ал түрлі көлемдегі жарыстарда алаңды толықтай немесе бір ширегін ғана пайдалануға болады. Қараңғы уақыттада ойнау мүмкіндігі қарастырылып, қуат үнемдейтін технологияларға негізделген заманауи жарықтандыру жүйесі қойылған.