Новости

Семейде суицидтің алдын-алуға бағытталған іс-шара өтті

Архив новостей 23 Апреля 2026 в 06:54 2042 просмотра 0 комментариев

ШҚО Семей қаласы Ішкі саясат бөлімінің «Жастар орталығы» КММ және  «Жанұя орталығы» Қоғамдық Қорының ұйымдастыруымен «Радуга» лагерінде «Өмір керемет» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Іс-шараның мақсаты – жастарды өзіне-өзі қол жұмсаудан сақтандыру, күйзеліс үстіндегі  жастардың өмірге көзқарасын өзгерту.

Шара барысында жастарға суицидтің алдын-алу бойынша семинар-тренингтер жүргізіліп, түрлі ойындар ұйымдастырылды. Тренингтер мемлекеттік және ресми тілдерде өтіп,  қатысушылар жас ерекшелігіне байланысты екі топқа бөлінді. 8-12 жас аралығындағы балалар арасында спорттық ойындар өткізілсе, ересек балаларға моральдық – психологиялық жағынан рухани қолдау көрсетіліп, олардың өмірге деген қөзқарасын өзгертуге бағытталған тренингтер жүргізілді.

«Жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің әрбір үшіншісі қалыпты құбылыс, нақтырақ айтсақ, олар өлгісі келмейді, тек осы әрекеттерімен өздеріне назар аудартқысы келеді. Мамандар мұның өте қауіпті құбылыс екендігін айтады. Өйткені, өз-өзін өлтіруге талпынып, аман қалған жасөспірімдердің келесі талпынысы міндетті түрде өлімге алып келуі мүмкін. Жасөспірімдер тіпті жақындарына да өзін қинап жүрген мәселе туралы айтпайды, оны жасырып жабуға тырысады. Проблеманы ашып көрсетуден гөрі, үндемей қалуды жеңіл көреді. Сондықтан оларға қашанда ата-ананың түсіністігі мен арнайы маманның көмегі қажет. Балаларға жай ғана киімін, тамағын тауып беру аз, олар үнемі ата-ананың жылуын сезініп, жақсы көретінін біліп өсуі тиіс. Ал әке-шешесі өз дәрежесінде көңіл бөлмейтін бала ешкімге керексіздігін түсініп, психологиялық стреске (күйзеліске) тап болады. Осы орайда жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу үшін осындай шараларды жиі өткізу өте маңызды», - дейді ұйымдастырушылар.

 

 

Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің ақпараттық секторы